Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Мәжіліс депутаттарының мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбие бойынша жеке сабақтар енгізу және биология оқулықтарын жаңарту туралы сауалына жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттар 7–9-сынып оқушыларына арналған жыныстық тәрбие мен салауатты өмір салты бойынша міндетті модульдер әзірлеуді, сондай-ақ осы бағыттағы тақырыптарды биология оқулықтарында кеңейтуді ұсынған.
Алайда Үкімет бұл мәселелердің қазірдің өзінде қолданыстағы оқу бағдарламасына енгізілгенін мәлімдеді.
«Бұл тақырыптар биология пәнінің қолданыстағы оқу бағдарламасында қарастырылған. Атап айтқанда, онда репродуктивті денсаулық, адам физиологиясы және салауатты өмір салты мәселелері қамтылған», – деді Аида Балаева.
Вице-премьердің айтуынша, аталған тақырыптар биология пәнінің «Көбею, тұқымқуалаушылық, өзгергіштік және эволюциялық даму» бөлімінде оқытылады. Бұл бөлімде репродуктивті денсаулық, ағза физиологиясы, тұқымқуалаушылық және адамның денсаулығын сақтау мәселелеріне арналған 25 оқу мақсаты қамтылған.
Осылайша, Үкімет қазіргі оқу бағдарламасы оқушыларға репродуктивті денсаулық пен салауатты өмір салты туралы негізгі білім беруге жеткілікті деп есептейді.