KZNews.kz
Қоғам

Мейірман Шекеев марқұм Арман Дүйсеновке байланысты істі қолға алатынын мәлімдеді

Ayzhan Sylanova
Фото: kursiv.media

Заңгер Мейірман Шекеев марқұм композитор Арман Дүйсеновтің отбасын алаңдатып отырған даулы пәтер мәселесін өз бақылауына алғанын жариялады. Оның айтуынша, жағдай ашық түрде қарауды және құқықтық тұрғыдан жан-жақты талдауды қажет етеді., деп хабарлайды kznews.kz.

Бұған дейін марқұмның жұбайы Айсұлу Алданқызы журналистерге берген сұхбатында кенже ұлы және қарт әкесімен бірге тұрып жатқан жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін екенін айтқан еді. Ол марқұмның үлкен ұлы Абылайдың «досымын» деп таныстырған азамат пәтерді босатуды талап етіп, тіпті оларды үйден шығару туралы сотқа жүгінгенін жеткізді. Қазіргі таңда бұл мәселеге байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатса да, Алматы қаласы Бостандық аудандық соты үйді босату туралы шешім шығарған.

Заңгер Мейірман Шекеев іс материалдарымен танысар-таныспастан бірқатар заңдық қайшылықтарды байқағанын айтады. Ең алдымен, дауға қатысты тараптардың ішінде кәмелетке толмаған бала бар екені назардан тыс қалған. Оның сөзінше, мұндай жағдайда баланың мүддесі басымдыққа ие болуы тиіс және сот құрамы баланың құқықтарын қорғауды міндетті түрде ескеруі қажет.

«Бұл істі Бостандық ауданының азаматтық істер жөніндегі соты емес, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарауы тиіс болған», – дейді заңгер. Оның пікірінше, процестегі өрескел процессуалдық қателіктер істің күмәнді тұстарының өте көп екенін көрсетеді.

Шекеев жақын күндері қосымша сараптамалар мен заңдық тексерулер жүргізілетінін, отбасына құқықтық көмек көрсетілетінін және қабылданған сот шешімінің қайта қаралуына қол жеткізу үшін барлық заңды тетіктер пайдаланылатынын мәлімдеді.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары