Астанада Айтбек Амангелді мен Аружан Бишімбаева арасындағы сот дауы бойынша шешім шықты. Сот Instagram желісінде жарияланған бірқатар мәлімдемені шындыққа сәйкес келмейді деп танып, оларды теріске шығаруды міндеттеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Еске салайық, 2024 жылдың мамырында бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты 24 жылға сотталған болатын. Осы оқиғадан кейін екі отбасы арасындағы қоғамдық және құқықтық тартыс жалғасып келеді.
Даудың өршуіне Айтбек Амангелдінің «Ее звали Салтанат» атты кітабы себеп болған. Аружан Бишімбаева әлеуметтік желіде авторды қайғылы оқиғаны жеке пайда мен хайп үшін пайдаланды деп айыптаған.
Сот барысында талапкер жарияланған ақпараттың жалған әрі өзінің ар-намысына нұқсан келтіретінін айтып, нотариалды түрде бекітілген жазбалар мен сараптамалық қорытындыларды ұсынған. Сарапшылар кейбір мәлімдемелерде нақты жағымсыз мазмұн бар екенін көрсеткен.
Өз кезегінде жауапкер тарапы бұл пікірлердің субъективті көзқарас екенін және оларды нақты факт ретінде қарастыруға болмайтынын алға тартқан. Алайда қосымша сот сараптамасы жүргізілгеннен кейін, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты талап арызды ішінара қанағаттандырды.
Сот шешімімен Аружан Бишімбаевадан сараптама мен өкілдік шығындары үшін бірнеше өтемақы өндірілетін болды.