KZNews.kz
Әлем

Марокко елінде толассыз жауған жауын су тасқынын күшейтіп, 50 мың адамға қауіп төндірді

Дархан Тоқан
Фото: Бейнежазбадан кескін

Марокконың солтүстігінде бірнеше провинцияны қамтыған нөсер жауын салдарынан су тасқыны күшейіп, 50 мыңнан астам тұрғын үйлерінен қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Kznews.kz.

Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қолайсыз ауа райы жағдайды ушықтырып, бірқатар өңірде тұрғындарды жедел эвакуациялауға тура келген. Құтқару және көмек көрсету жұмыстарына әскер күші де тартылған.

Эвакуация жұма күні басталған. Ең ауқымды көшіру жұмыстары Лараш провинциясында жүргізілген. Ресми дерекке сай, Танжер қаласынан шамамен 100 шақырым оңтүстікте орналасқан Ксар-эль-Кебирде су деңгейі көтеріліп, бірқатар аумақты су басқан.

Көшірілген тұрғындардың бір бөлігі туыстарының үйлеріне уақытша барған. Ал көмекке мұқтаж азаматтар билік ұйымдастырған уақытша паналау орындарына орналастырылған.

Марокконың ұлттық метеоқызметі дүйсенбіден сәрсенбіге дейін бірнеше провинцияда қатты жаңбыр, екпінді жел күшейетінін, ал теңіз деңгейінен 1500 метрден жоғары аймақтарда қар жаууы мүмкін екенін ескерткен.

Билік өкілдері Король VI Мұхаммедтің тапсырмасымен құтқару жұмыстарын күшейту үшін армия жұмылдырылғанын хабарлады.

Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсанында Сафи қаласында болған кенет су тасқынынан 37 адам қаза тапқан. Бұл соңғы он жылдағы Мароккодағы ауа райына байланысты ең ауыр апат ретінде аталған.

Сондай-ақ соңғы апталарда Мароккоға көршілес жатқан Алжирде нөсер мен су тасқыны салдарынан бір бала, екі адам көз жұмған. Ал Тунисте өткен айда соңғы 70 жылдағы ең қатты жауын тіркеліп, кемінде бес адам қайтыс болып, бірнеше адам із-түзсіз жоғалған.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →