«Болашақ» қоры мен «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен Астанада ХІ қысқы қайырымдылық кеші өтті. Биылғы кеш «Болашақ» бағдарламасының 25 жылдығына арналды.
Салтанатты шарада «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ұйымның осыған дейінгі жетістіктері жөнінде айтып өтті. «Болашақ» қауымдастығы 17 жыл ішінде республика көлемінде көптеген қайырымдылық шарасын өткізді. Ал «Болашақ» бағдарламасы аясында қаншама жастар әлемнің жетекші елдерінде білім алды. Олар тәуелсіз Қазақстанның дамуына, еліміздің өркендеуіне ерекше үлес қосып келеді», – деді Бауыржан Байбек.
Қайырымдылық кешінен жиналған қаржы аутизмге шалдыққан балалардың емделуіне жұмсалады. «Болашақ» қорының басшысы Динара Шайжүнісова қайырымдылық кешінен түскен қаражат аутизммен ауыратын балаларды емдеп-сауықтыруға жұмсалатынын жеткізді.
Қазақстанның Халық артисі Нұржамал Үсенбаева мен композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов кештің құрметті қонағы болды. «Қайырымдылық жасауды парыз деп санаймын. Адамдар бір-біріне көмектесу арқылы қоғамды ізгілікке үндейді. Барлық адам дені сау, бақытты болуға лайық. Сондықтан мұндай қайырымдылық кештерін өткізу қажет деп ойлаймын», – деді Нұржамал Үсенбаева.
Биыл 11-рет өткен шарадан түсетін қаражаттың көлемі де артып келеді. Бұған дейін өткізген кештерде 220 миллион теңгеге жуық қаржы жиналып, оған балаларға арналған ойын алаңдары, 8 мамандандырылған оңалту мекемесі, 9 қалада 20 мектепте инклюзивті білім беру сыныптары ашылған. Сондай-ақ аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына жоғары оқу орнында білім алуға гранттар берілген.
Майра ЖАНЫСБАЙ