Шоу-бизнес

Мақпал Жүнісова Баян Мақсатқызынан көмек сұрады

Мақпал Жүнісова Баян Мақсатқызынан көмек сұрады
Фото: instagram.com/bayanmaxatkyzy

Әнші Мақпал Жүнісова продюсер Баян Мақсатқызынан марқұм Арман Дүйсеновтің отбасына қолдау көрсетуін сұрап, Instagram-дағы парақшасы арқылы арнайы үндеу жолдады, деп хабарлайды kznews.kz.

Мақпал Жүнісова желіде тараған Арман Дүйсеновтің жары Айсұлудың қиын жағдайына алаңдайтынын айтып өтті:

“Желіде марқұм Арман Дүйсенов бауырымыздың жары Айсұлу ханымның «баспанам жоқ, далада қалдық» деп жағдайы туралы айтқаны желдей есіп тұр. Мұның бәрі біздің жүрегімізге батады. Мен миллионердің әйелі емеспін. Бай болсам, сол пәтерді өзім-ақ алып берер едім… Әндетіп жүріп, концерт беріп тапқан табысымды өз отбасыма, анама, бауырларыма жұмсаймын”, – деді ол.

Әншінің айтуынша, ол бұл мәселені Алматы әкімдігіне де жолдап көрген.

“Алматы қаласы әкімдігінен қалай көмектесуге болатынын сұрадым… Өкінішке орай, қазір қалалық әкімдіктің қолында мұндай мүмкіндіктер жоқ екен”, – деп жазды Жүнісова.

Осы ретте ол үміт артып отырған жалғыз адамның Баян Мақсатқызы екенін атап өтті:

“Ендігі менің сенетін бір адамым бар, ол – Баян Мақсатқызы. Өйткені Баянның жұбайы Тұрсын мырза миллионер, тіпті миллиардер деп айтар едім… Баянжан, өзіңе сенеміз. Жолдасыңмен ақылдасып, Арманның артында қалған отбасының баспана мәселесін шешіп береді деп сенгім келеді”, – деді Мақпал Жүнісова.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz