Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты тергеу жаңа кезеңге өтті.
Үкіметтік комиссияның отырысында оқиғаға қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, іс 453-баптың 2-бөлігі, "ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бап, "кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қозғалған. Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, сот сараптамалары тағайындалды.
Жалпы, бұл баптардың таңдалуы тергеудің тек ауа райының күрт нашарлауымен шектелмей, әскери тапсырманы ұйымдастыру, қауіпсіздік талаптарын сақтау және кеме жүргізу тәртібі бойынша нақты жауапкершілік мәселелерін де қарастырып жатқанын көрсетеді. Алайда, кінәлі тұлғалар мен нақты себептер туралы түпкілікті қорытынды тергеу аяқталғаннан кейін ғана жасалады.
Қазіргі нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырма кезінде ауа райының күрт нашарлап, жел күшеюінен 17 әскери қызметші суға кеткен. Оның он екісі қаза тапты, үшеуі құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр.
Құрылған Үкіметтік комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарып отыр. Ол оқиғаның барлық мән-жайын қысқа мерзімде анықтап, жауапты тұлғаларға қатысты заң аясында шара қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек көрсету мәселесі де комиссия отырысында қаралды. Қазақстан Халық Кеңесінің бір мүшесі әр отбасыға 25 млн теңгеден бөлген. Бірқатар ірі бизнес өкілдері де қаржылай қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеген. Үкімет бұл қаражаттың отбасыларға ашық әрі бақылауда бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Еске сала кетейік, 25 - қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.