Маңғыстау облысында жол жөндеу жұмыстарына қатысып жүрген екі жұмысшы жол-көлік оқиғасынан көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы жағдай 9 қыркүйекте Жетібай–Ақтау автожолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, КамАЗ көлігі екінші жүк көлігін сүйреп келе жатқан. Жолда тұрған «Газельді» айналып өту кезінде сүйретіліп келе жатқан КамАЗ оған соғылған.
Соққыдан «Газель» жол жиегіндегі қоршауға қысылып, оның жанында тұрған екі жұмысшы көлік пен қоршаудың арасында қалған. Екеуі де алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, жол апатына қатысы бар көліктер арнайы тұраққа қойылды.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, апаттың нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.