Маңғыстау облысында 18 жастағы Азамат Дүйсехановты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ол 7 шілде күні «O'Mir» курорттық қонақүйі маңындағы теңіз жағасында із-түзсіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды kznews.kz.
Туыстарының айтуынша, Азамат сол күні достарымен бірге Ақтаудан шамамен 48 шақырым жерде орналасқан демалыс орнында туған күнін атап өткен. Сағат 15:00 шамасында ол теңіз маңында жоғалып кеткен, содан бері оның қайда екені белгісіз.
Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, сондай-ақ туыстары, достары мен жақындары жұмылдырылған. Алайда отбасы қолдағы күштің жеткіліксіз екенін айтып, еріктілерден көмек сұрап отыр.
Жақындары іздеу жұмыстарына волонтерлерді, дрон операторларын және қайық иелерін қосылуға шақырды. Сонымен қатар 7 шілде күні аталған қонақүй аумағында болған немесе Азаматтың жүрген жері туралы қандай да бір мәліметі бар азаматтардан хабарласуды өтінеді.
«Уақыт шешуші рөл атқарады», – дейді туыстары.
Азамат Дүйсехановтың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан +7 (778) 967-61-23 немесе +7 (775) 985-57-54 нөмірлеріне хабарласу сұралады.