Маңғыстау облысы Жетібай ауылындағы балабақшада ата-аналардың айтуынша, алаңдатарлық жағдай қалыптасқан. Олар мекеме тәрбиеленушілерінің бірі басқа балалар мен қызметкерлерді жиі қорқытатынын айтады, деп хабарлайды kznews.kz HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.
Кейбір ата-аналар оны «директордың баласы» деп атап, оған ерекше жағдай жасалған болуы мүмкін екенін алға тартады.
Айтуларынша, бұл бала тыныштық уақытында жатын бөлмеге кедергісіз кіріп, басқа балалардың ұйқысын бұзып, кейде оларға агрессия көрсеткен. Сондай-ақ тәрбиешілердің жағдайды реттей алмай, эмоционалдық күйзеліске түскен сәттері де болғаны айтылады.
Ең даулы оқиға ретінде ата-аналар мына жағдайды келтіреді: бала жатын бөлмеге кеңсе пышағымен кіріп, оны қыз балалардың бетіне сермеген.
Ата-аналардың бірінің айтуынша, балалар ұйықтамаса, «бірдеңесін кесіп тастаймын» деп қорқытқан.
Осы сәтте балабақша тәрбиешісінің қайда болғаны және не себепті бала тоқтатылмағаны әзірге белгісіз.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы бұл факті бойынша қызметтік тексеріс 20 сәуірде басталатынын хабарлады.