Астана қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат, «Жеңіс» футбол клубының бас директоры Давид Лорияның әкесі Григорий Лорияға іздеу жарияланды.
Бұрын «Қызылжар» футбол клубын басқарған 72 жастағы азаматқа қатысты қаржылық қылмыстар бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Sports.kz басылымының ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Григорий Лорияға қатысты іздестіру ісі 2026 жылғы 7 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.
Іздеуге бастамашы болған орган – Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі. Іздестіру шараларын агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.
HALYQSTAN Telegram-арнасының мәліметінше, Григорий Лория өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерден жалтару деректері бойынша қозғалған қылмыстық іске күдікті ретінде танылған.
Ақпарат көзінің хабарлауынша, ол Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жауап алуға келмеген. Сондай-ақ тергеу тарапының оны сырттай қамауға алу туралы өтінішхаты қаралған сот отырысына да қатыспаған. Осыдан кейін оған іздеу жарияланған.
Айта кетейік, 2024 жылы «Қызылжар» футбол клубында бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған болатын. Осы іс бойынша клубтың бухгалтері Ольга Замелацкая қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2026 жылдың қаңтарында жеті жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.
Ал клубтың бұрынғы басшысы Григорий Лорияға қатысты қылмыстық іс бөлек тергеліп жатыр.
Назар аударарлығы, іздеуге жарияланған Григорий Лория – қазіргі уақытта «Жеңіс» футбол клубының бас директоры қызметін атқаратын әрі Астана қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат ретінде аталған Давид Лорияның әкесі.
Астана қаласы әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес, Давид Лория 29 қарашада өтетін мәслихат сайлауына №14 бірмандатты сайлау округінен «Әділет» партиясының атынан қатысады. Ол бұған дейін, 2023 жылы, Астана қалалық мәслихатының VIII шақырылымына депутат болып сайланған.