Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 24 қыркүйекте Ақтау қаласынан шамамен 43 шақырым қашықтағы Omir Glamping демалыс базасының маңында болған. Айтылған дерек бойынша, әскери қызметшілер «Қайсар» кемесінен жағалауға түсу бойынша оқу-жаттығу тапсырмасын орындаған.
Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында өтіп жатқан әскери оқу-жаттығу кезінде төтенше жағдай болғаны туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге 17 әскери қызметшіні толқын алып кеткен болуы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz
Алдын ала мәліметте теңіздегі ауа райының күрт өзгеріп, толқынның күшеюі салдарынан бірнеше әскери қызметшінің суға кеткені айтылған. Тараған ақпаратта олардың арасында 15 матрос, бір офицер және келісімшарт бойынша қызмет ететін бір әскери қызметші болғаны көрсетіледі.
Сондай-ақ оқиғаға №29011 және №21814 әскери бөлімдерінің қызметшілері қатысқаны туралы мәлімет тараған.
Алайда қазіргі уақытта аталған ақпараттың негізгі деректері Қазақстанның Қорғаныс министрлігі тарапынан ресми түрде расталған жоқ. Сондықтан әскери қызметшілердің нақты саны, олардың жағдайы және оқиғаның мән-жайы туралы түпкілікті қорытынды жасауға әзірге ерте.
Айта кетейік, 22 қыркүйекте Қазақстанның Каспий теңізіндегі секторында Әскери-теңіз күштерінің «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы басталған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығуға 500-ден астам әскери қызметші, жауынгерлік кемелер экипаждары, жағалау бөлімшелері, ҰҚК Шекара қызметінің жағалау күзеті және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімшелері қатысып жатыр.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын жетілдіру, жауынгерлік әзірлікті арттыру және түрлі күш құрылымдарының өзара іс-қимылын пысықтау.
Оқиғаға қатысты ресми мәлімет жарияланған жағдайда әскери қызметшілердің жағдайы мен төтенше жағдайдың нақты себептері нақтыланбақ.