Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қытайдың China Huadian Overseas Investment Co. Ltd. компаниясының вице-президенті Чжоу Дэхуамен кездесіп, жобаның жүзеге асырылу барысын талқылады, деп хабарлайды kznews.kz.
Жаңа қондырғы «МАЭК» мекемесін жаңғырту бағдарламасы аясында «Хуадян» компаниясымен бірлесіп салынып жатыр. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Энергетикалық жабдықтардың бір бөлігі жеткізіліп, оларды орнату басталған. Қалған жабдықтар кезең-кезеңімен жеткізіліп жатыр.
Жоспарға сәйкес, станция толық іске қосылғаннан кейін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа нысан өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен үштен бірін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Кездесуде «МАЭК»-ті жаңғырту аясында қуаты 500 МВт болатын тағы бір бу-газ қондырғысын салу мәселесі де қаралды. Бұл жоба әзірге талқылау сатысында.
Нұрдәулет Қилыбай жаңа энергетикалық нысанның өңір үшін маңызын атап өтті.
– Бұл жоба Маңғыстаудың энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы қытайлық компаниямен тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Сапар аясында облыс әкімі Ақтаудағы бу-газ қондырғысының құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты.