Маңғыстау облысында қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Құны 210 млн АҚШ долларын құрайтын нысанды 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қытайдың China Huadian Overseas Investment Co. Ltd. компаниясының вице-президенті Чжоу Дэхуамен кездесіп, жобаның жүзеге асырылу барысын талқылады, деп хабарлайды kznews.kz.
Жаңа қондырғы «МАЭК» мекемесін жаңғырту бағдарламасы аясында «Хуадян» компаниясымен бірлесіп салынып жатыр. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Энергетикалық жабдықтардың бір бөлігі жеткізіліп, оларды орнату басталған. Қалған жабдықтар кезең-кезеңімен жеткізіліп жатыр.
Жоспарға сәйкес, станция толық іске қосылғаннан кейін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа нысан өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен үштен бірін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Кездесуде «МАЭК»-ті жаңғырту аясында қуаты 500 МВт болатын тағы бір бу-газ қондырғысын салу мәселесі де қаралды. Бұл жоба әзірге талқылау сатысында.
Нұрдәулет Қилыбай жаңа энергетикалық нысанның өңір үшін маңызын атап өтті.
– Бұл жоба Маңғыстаудың энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы қытайлық компаниямен тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Сапар аясында облыс әкімі Ақтаудағы бу-газ қондырғысының құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты.