Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен Ерғали Сисенғалиұлы Скендиров Маңғыстау ауданының әкімі болды.
Ерғали Скендиров 1983 жылы туған. 2006 жылы «Тұран-Астана» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы «Резерв» мемлекеттік республикалық кәсіпорнының «Автоматика» филиалында бастаған. Кейін заңгер, партиялық бақылау инспекторы, Өмірзақ ауылы әкімінің орынбасары, Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы және басқа да қызметтерді атқарған.
2023-2025 жылдары Ақтау қалалық сайлау комиссиясының төрағасы болды. Ал 2025 жылғы шілдеден бастап жаңа қызметіне тағайындалғанға дейін Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Сонымен қатар Ербол Қалымұлы Дербісов Түпқараған ауданының әкімі болып тағайындалды. Оның кандидатурасы да Президент Әкімшілігімен келісілген.
Ербол Дербісов 1986 жылы туған. 2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша аяқтап, 2010 жылы осы университеттен құқықтану магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2010 жылы «Каспий-Ак» ЖШС-де заңгер болып бастаған. Кейін осы компанияда заң бөлімінің бастығы, директордың орынбасары және директор қызметтерін атқарды.
2021 жылы Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі болды. 2022-2023 жылдары Мұнайлы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімін басқарды. Кейін Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2025 жылғы желтоқсаннан бастап Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
Ал бұған дейін Түпқараған ауданын басқарған Ержан Күмісқалиев өз еркімен қызметінен босатылған.