Әлеуметтік желілерде әскери қызмет барысында ауыр жарақат алып, кейін көз жұмған сарбаз Ербаян Мұхтардың мәйітін туыстарына беру кезінде түсірілген видео кеңінен тарады. Онда марқұмның жақындары құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетіне наразылық білдіріп, мәйітті алып кетуге кедергі жасалғанын мәлімдейді, деп хабарлайды kznews.kz.
Еске салсақ, бұған дейін Ербаян Мұхтардың жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілгені белгілі болған еді. Кейін оның ем қабылдап жатқан кезінде жүрегі тоқтап, қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметті сарбаздың отбасының адвокаты Инга Иманбай да растаған.
Желіде жарияланған бейнежазбада полиция қызметкерлері мен марқұмның туыстары арасында түсініспеушілік туындағаны байқалады. Видеода жақындарының мәйітті алып кетуге әрекет жасағаны, ал құқық қорғау органдарының белгілі бір рәсімдерге байланысты бұған рұқсат бермегені айтылған.
Марқұмның туыстарының сөзінше, Ербаян Мұхтардың денесі олардың келісімінсіз мәйітханаға жеткізілген. Сондай-ақ олар полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты наразылықтарын білдіріп, жағдайдың заң аясында тексерілуін талап етуде.
Ербаянның туыс ағасы әлеуметтік желіде тараған кадрларда оның анасына күш көрсетілгенін алға тартты. Бұдан бөлек, ол оқиға кезінде полиция қызметкерлерінің бірі қаруын шығаруға әрекеттенгенін мәлімдеді. Алайда бұл ақпаратқа қатысты құқық қорғау органдары әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.