Қайтыс болған мерзімді әскери қызметші Ербаян Мұхтардың отбасы оның әскерде ауыр жарақат алуына қатысты қозғалған істі әрі қарай тергеуді талап етпейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ жақындары марқұмның мәйітін қайта ашып, қосымша сараптама жүргізуге де қарсы екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы 2026 жылдың 23 маусымында Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының жансақтау бөлімінде көз жұмған сарбаздың отбасы Qumash.kz сайтына берген мәліметінде хабарлаған.
Марқұмның ағасы Самат Мұстафиннің айтуынша, Ербаянның ата-анасы бірнеше жылға созылған ауыр күрес пен тергеу процестерінен кейін бұл істі жалғастырудан бас тартуға шешім қабылдаған. Оның сөзінше, отбасы үшін қазір ең маңыздысы – ұлдарының денесін туған жеріне жеткізіп, соңғы сапарға лайықты түрде шығарып салу.
«Біз мәйітті қайта ашып тексеруге де, басқа да қосымша шараларға да келісім бермейміз. Қазір біздің бар ойымыз – Ербаянды елге әкеліп, жерлеу рәсімін өткізу. Ұлымыздың жаны тыныштық тапқанын қалаймыз. Енді оның есімі түрлі даулар мен тергеулерде айтылмаса екен дейміз. Адам өмірден өтті. Қалғанының бәрін уақыт пен әділдік өз орнына қояды», – деді Самат Мұстафин.
Ербаян Мұхтардың қазасынан кейін оның туыстары мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында сарбаздың өмірінің соңғы сағаттарына қатысты пікір қайшылығы туындаған болатын. Марқұмның жақындары оның жағдайы туралы өз күмәндарын айтып, жасанды тыныс алдыру аппаратына байланысты сұрақтар көтерген.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәлімдемелермен келіспейтінін білдіріп, Ербаянның өліміне ауыр бас-ми жарақатының салдары мен соған байланысты дамыған асқынулар себеп болғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, науқаста көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамып, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.