Қарағандыда бір жыл бойы логопедке барып жүрген баланың ата-анасы күтпеген және ауыр жағдайға тап болды. Олар маманға толық сеніп келгенін, ешқандай күдік болмағанын айтады. Алайда соңғы сабақтардың бірінде әкесі баласының немен айналысып отырғанын көру үшін телефонды көтеріп, кабинеттегі шағын терезеден видеоға түсірмек болған сәтте шошытқан жайт анықталған: жазбада логопедтің баланы басынан шапалақпен ұрғаны анық көрінеді.
Видео көрген ата-ана бұл жағдайды «үлкен шок» деп сипаттады. Оқиға белгілі болған бойда олар баласын бірден сабақтан алып кеткен. Айтуларынша, логопед болған жағдайды түсіндіре алмаған. Кейін өзі хабарласқанымен, ата-ана жауап бермепті. Дегенмен логопедтен ешқандай жазбаша түсініктеме де, кешірім де түспеген.
Отбасы бұл жайтты жариялауға мәжбүр болды. Себебі логопед күн сайын көптеген баламен жұмыс істейді, сол себепті «бұл әрекет басқа балаларға да жасалуы мүмкін бе?» деген күдік туындаған.
«Бір жыл бойы ештеңеге күмәнданған жоқпыз. Барлығы кездейсоқ ашылды. Ең күйіндіретіні — біз мұндайды елестете де алмадық. Енді ата-аналар өздері шешер: баласын осы маманға жеткізе ме, жоқ па. Бірақ бұл туралы қоғам білуі тиіс», — деді баланың анасы.
Қазір ата-ана құқық қорғау органдарына шағым жолдауды да қарастырып жатыр.