Алматыда құқық қорғау органдары Kyzdar.net ұятсыз сайтының ұйымдастырушылары деп күдікке ілінген адамдарды ұстады. Олардан ақша және қару-жарақ тәркіленді. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп хабарлайды kznews.kz.
Тергеу нұсқасына сәйкес, аталған интернет-ресурс 2011 жылдан бері интимдік қызметтерді заңсыз жарнамалау үшін пайдаланылған. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Прокуратураның мәліметінше, сайт жұмыс істеген жылдары одан түскен заңсыз табыс көлемі 2 миллиард теңгеден асуы мүмкін.
ІІМ өкілдерінің хабарлауынша, күдіктілер 7 маусым күні ұсталған. Жүргізілген арнайы тергеу шаралары барысында 144 миллион теңге қолма-қол ақша, 1,3 миллион АҚШ долларынан астам қаражат, оның ішінде криптовалюта түріндегі 300 мың доллардан астам актив тәркіленген.
Сонымен қатар қару-жарақ пен оқ-дәрілер, 150-ге жуық компьютерлік және өзге де техника, автокөліктер, құжаттар және қылмыстық іске қатысты басқа да айғақ заттар алынған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Алматы қаласының прокуратурасы істің ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.