Шыңғыс Әріновтің Алматы облысының әкімі болып тағайындалуы Қазақстандағы соңғы кадрлық ауыс-түйістің ең қызық шешімдерінің бірі болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Себебі оның еңбек жолында жергілікті атқарушы билікте жұмыс істеу тәжірибесі жоқ. Ол аудан немесе қала әкімі, облыс әкімінің орынбасары болған емес. Тіпті мансабының басым бөлігі қоғам назарынан тыс, жабық күштік құрылымда өтті.
Соған қарамастан 42 жастағы генерал екі жылдың ішінде Президент күзетінің басшысынан министрге, енді Қазақстандағы ең маңызды өңірлердің бірінің әкіміне айналды.
Әрінов мұндай саяси салмаққа қалай ие болды?
Күзет қызметіндегі 18 жыл
Шыңғыс Әрінов 1983 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық қатынастар мамандығын тәмамдаған. Кейін құқықтану және көлік саласы бойынша да білім алған.
Бірақ оның негізгі мансабы дипломатияда да, заң саласында да емес, Мемлекеттік күзет қызметінде қалыптасты. Әрінов 2006-2022 жылдары осы құрылымда түрлі офицерлік және басшылық қызметтер атқарған. Ресми өмірбаянында осы 16 жылдың нақты қандай қызметтерде өткені егжей-тегжейлі көрсетілмейді.
Оның марапаттарының арасында ІІ және ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медальдары бар. Демек Әріновтің кәсіби жолы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігі кезінде басталып, жоғары лауазымды тұлғаларды қорғау жүйесінде қалыптасқан.
Бірақ оның мансабындағы шешуші кезең 2022 жылдың қаңтарында басталды.
Қаралы қаңтардан соң бұйырған кресло
2022 жылғы 6 қаңтар.
Алматы мен елдің бірқатар өңірінде Қаңтар оқиғасы жүріп жатқан кез. Күштік құрылымдардың басшылығы жаппай ауыстырылды.
Дәл сол күні Мемлекеттік күзет қызметін басқарған Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Президент күзеті қызметінің бастығы Сәкен Исабеков Мемлекеттік күзет қызметінің басшылығына көтерілді.
Ал Исабековтің орнына Шыңғыс Әрінов келді. Тоқаевтың өкімімен ол Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзеті қызметінің бастығы болып тағайындалды.
Бұл қызметтің атауының өзі көп нәрсені аңғартады. Әрінов енді жай ғана мемлекеттік нысандарды күзететін офицер емес, ел Президентінің тікелей қауіпсіздігіне жауап беретін тұлғалардың біріне айналды.
Оның үстіне бұл тағайындау бейбіт кезеңде емес, Қазақстан билігі үшін соңғы онжылдықтардағы ең күрделі саяси дағдарыстың ортасында жасалды. Сондықтан Әріновтің кейінгі мансабын Қаңтар оқиғасынан бөлек қарастыру қиын.
Биліктегі «күзет командасы»
Бұл жерде тағы бір заңдылық байқалады. Қаңтар кезінде Мемлекеттік күзет қызметін басқарған Ермек Сағымбаев 2022 жылғы 6 қаңтарда ҰҚК төрағасы болды.
Президент күзетін басқарған Сәкен Исабеков сол күні Мемлекеттік күзет қызметінің бастығына көтерілді. Ал Президент күзетін кейін басқарған Шыңғыс Әрінов 2024 жылы министр, 2026 жылы әкім болды.
ҰҚК ардагері Файзолла Кәменов 2025 жылы Азаттыққа берген сұхбатында Қаңтардан кейін Президенттің өзі сенетін адамдарға сүйенуі түсінікті екенін айтқан. Оның пікірінше, Президент жанында жүрген қызметкерлерді жақсы біледі және олардың арасынан сенетін кадрларды таңдауы заңды.
Бұл жерде маңызды шекара бар. «Тоқаевтың адамы» немесе «Президенттің сенімді кадры» деген сипаттама ресми мәртебе емес. Ақорда Әріновті ешқашан бұлай атаған жоқ. Алайда оның қызметтік траекториясы Президенттің жеке сенімі факторын елемеуге мүмкіндік бермейді.
Күзеттен бірден министрлікке
2024 жылғы 6 ақпанда күтпеген тағы бір шешім қабылданды. Тоқаев Шыңғыс Әріновті Төтенше жағдайлар министрі етіп тағайындады. Осыған дейін Әріновтің төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс немесе құтқару жүйесінде жұмыс істегені туралы ашық дерек жоқ еді.
Яғни 18 жылын күзет қызметінде өткізген офицер бірден үлкен азаматтық министрлікті басқаруға келді. Бұл тағайындау сол кезде де сұрақ туғызған. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов Әріновтің екі жыл бойы Тоқаевтың тікелей қауіпсіздігіне жауап бергенін айтып, оның Президент сеніміне ие болуы тағайындауға әсер етуі мүмкін деген пікір білдірді.
Әрине, бұл сарапшы пікірі. Оны дәлелденген факт ретінде қабылдауға болмайды. Бірақ көп ұзамай болған оқиға бұл мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды.
Су тасқыны һәм сөгіс алмаған министр
2024 жылғы көктемде Қазақстанды ауқымды су тасқыны басты. Дағдарыс кезінде Тоқаев бірқатар жоғары лауазымды шенеунікке қатаң сөгіс жариялады. Олардың арасында бірінші вице-премьер, су ресурстары министрі және бірнеше облыстың әкімі болды.
Ал төтенше жағдайлардың салдарын жоюға тікелей қатысқан ведомствоның басшысы Әрінов сөгіс алған жоқ. Сол кезде Нұрсейітов мұны Әріновтің Тоқаевқа адалдығы және сеніміне ие болуымен байланыстыруға болатынын айтқан.
Бірақ бұған балама түсініктеме де болды. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Әріновтің министр қызметіне тасқыннан екі ай бұрын ғана келгенін, сондықтан жылдар бойы қордаланған проблема үшін жаңа басшыны жазалау қисынсыз болатынын айтты. Яғни бұл эпизодты Әріновтің Президентке жақындығының дәлелі деп біржақты көрсету дұрыс емес.
Дегенмен оның саяси позициясына нұқсан келген жоқ. Керісінше, мансабы жалғасты.
Министрліктен кетті, бірақ биліктен кеткен жоқ
2026 жылғы 3 қыркүйекте жаңа Үкімет жасақталғанда Әрінов Төтенше жағдайлар министрі қызметіне қайта тағайындалмады. Бір қарағанда, бұл оның орталық биліктегі мансабының аяқталуы секілді көрінуі мүмкін еді.
Бірақ сол күні-ақ ҚазТАГ дереккөздеріне сүйенген БАҚ Әріновтің Алматы облысының әкімі болуы мүмкін екенін хабарлады. Алматы облыстық мәслихаты жаңа әкімнің кандидатурасын келісу үшін 4 қыркүйекке шұғыл жиын белгіледі.
Келесі күні болжам расталды. 4 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Осылайша Әрінов Үкіметтен кеткенімен, саяси вертикальдан шыққан жоқ. Керісінше, енді оның алдында мүлдем басқа сынақ тұр.
Неге дәл Алматы облысы?
Алматы облысы қарапайым өңір емес. Мұнда Қытаймен шекара, Қорғас, Алматы агломерациясының айналасындағы елді мекендер, халық санының өсуі, инфрақұрылым, жер мәселесі, туризм және ірі инвестициялық жобалар тоғысады.
Ал әкім қызметі министрліктен өзгеше. Министр белгілі бір саланы басқарады. Әкімге экономикадан бастап ауыл шаруашылығына, жол, су, мектеп, аурухана, жер қатынастары мен халықтың күнделікті мәселесіне дейін жауап беруге тура келеді.
Әріновте мұндай тәжірибе жоқ. Сондықтан Алматы облысы оның мансабындағы ең үлкен саяси сынақ болуы мүмкін. Егер ол өңірді нәтижелі басқара алса, «күштік құрылымнан шыққан кадр» деген бейнесінен арылып, толыққанды саяси басқарушыға айналады.
Ал егер әкімдік тәжірибесі сәтсіз болса, оның бұрынғы тағайындауларында кәсіби тәжірибеден гөрі Президент сенімі маңызды болды деген сын күшеюі мүмкін.
Күзетші ме, әлде Президенттің кадрлық резерві ме?
Әріновтің мансабын бір сөйлеммен сипаттау қиын. Оны «күзетші әкім болды» деп қана көрсету де толық емес.
Өйткені ол қарапайым күзетші емес, Мемлекеттік күзет қызметінде 18 жылға жуық еңбек еткен генерал және ел Президентінің жеке қауіпсіздығына жауап берген қызметтің бұрынғы басшысы.
Бірақ оның мансабы Қазақстандағы кадр саясатының тағы бір ерекшелігін көрсетіп отыр. Президентке жақын жұмыс істейтін күштік құрылым кей жағдайда мемлекеттік басқарудың кадрлық резервіне айнала алады.
Бұған Әрінов жалғыз мысал емес. Ермек Сағымбаевтың Мемлекеттік күзет қызметінен ҰҚК төрағалығына ауысуы да осы тенденцияға назар аудартады. Ал Қаңтардан кейін Мемлекеттік күзет қызметінің маңызының артуын күштік құрылымның бұрынғы қызметкерлері де Президенттің сенім мәселесімен байланыстырады.
Сондықтан Шыңғыс Әріновтің Алматы облысына келуін жай ғана кезекті кадрлық ротация деп қабылдау қиын. 2006 жылы Мемлекеттік күзет қызметіне келген офицер 2022 жылғы Қаңтарда Президент күзетінің басшысы болды. Екі жылдан кейін министр креслосына отырды. Тағы екі жылдан соң Қазақстанның ең маңызды облыстарының бірін басқаруға жіберілді.
Осы траекторияға қарағанда, Әріновтің басты саяси капиталы оның қай саланың маманы екенінде ғана емес. Президентпен қандай байланысы бар деген де сауал тудырады?