Партияның саяси кеңесі бюросы бос қалған депутаттық мандатты Гүлнар Тойлыбаеваға беру туралы шешім қабылдады. Тиісті құжат Орталық сайлау комиссиясына жолданды, деп хабарлайды kznews.kz.
Гүлнар Тойлыбаева – мемлекеттік басқару және жергілікті өкілді органдар саласында тәжірибесі бар тұлға. Ол әр жылдары облыстық мәслихаттың хатшысы және төрағасы қызметтерін атқарған.
Қазіргі уақытта Гүлнар Тойлыбаева Жетісу облысы әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істейді.
Айта кетейік, Құрылтайдағы депутаттық орын Татьяна Савельеваның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаннан кейін бос қалған болатын.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Татьяна Савельеваны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындаған еді.
Осылайша, Савельеваның атқарушы билікке ауысуына байланысты «Әділет» партиясының депутаттық мандаты партиялық тізім бойынша Гүлнар Тойлыбаеваға берілмек. Түпкілікті рәсімдеу Орталық сайлау комиссиясының құзыретінде.