«Әділет» партиясы атынан сайлауға түсіп жатқан саясаттанушының волонтерлерге арналған WhatsApp чатына жолдаған делінген дауыстық хабарламасы желіге тарап, көпшіліктің наразылығын тудырды
Әлеуметтік желіде Астана қаласы мәслихатының 1-округі бойынша депутаттыққа кандидат Владислав Сергеевтің айналасында үлкен дау туындады, деп хабарлайды kznews.kz.
«Волонтеры Әділет» ортақ чатында куратордың «депутат белсендірек жұмыс істеуді сұрап, ренішін білдіруде» деген түсіндірмесімен жіберілген аудиожазбада ер адамның елорданың Оңтүстік-Шығыс ауданы тұрғындарына қатысты дөрекі әрі кемсітушілік сипаттағы пікір айтқаны естіледі.
Аудиожазбадағы адам аудан тұрғындарын «екінші Шымкентке» теңеп, айналасындағылардың орыс тілін дұрыс түсінбейтініне шағымданған. Сондай-ақ ол «мамбеттер» деген кемсітушілік сипаттағы сөзді қолданған. Бұл жазба еріктілердің де наразылығын тудырып, чаттағы кейбір қатысушылар мұндай көзқарастан кейін жұмысты жалғастырудан бас тартатынын ашық жазған.
Айта кетейік, бұған дейін кандидаттың дәл осы Оңтүстік-Шығыс ауданының балаларына тосынсый жасайтыны туралы үгіт-насихат постерлері де әлеуметтік желіде тараған болатын.
Владислав Сергеев аудиожазбаға қатысты не деді?
Қоғамдық резонанс күшейген соң, Владислав Сергеев Instagram парақшасында ресми видеоүндеу мен мәлімдеме жариялап, тараған ақпаратты жоққа шығарды.
Кандидаттың айтуынша, аудиожазбадағы дауыс өзіне тиесілі емес. Ол жазба жасанды интеллект технологиялары арқылы әдейі қолдан жасалған болуы мүмкін екенін алға тартты.
Сонымен қатар Сергеев үгіт-насихат жұмыстарын тек өзінің сенімді өкілдерімен жүргізетінін және бұл іске волонтерлерді мүлдем тартпағанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Владислав Сергеев жағдайдың мән-жайын анықтап, жалған ақпарат таратушыларды табу үшін құқық қорғау органдарына жүгінгенін хабарлады. Ол тергеу амалдарына толық көмектесуге, тіпті тексеріс жүргізу үшін жеке ұялы телефонын беруге дайын екенін жеткізді.
Тексеру қорытындысы алдағы уақытта қосымша жарияланбақ.