Алматы облысында екі жасар егіздердің анасы қайтыс болды. Марқұмның туыстары «НемолчиKZ» қорына жүгініп, әйелдің өліміне қатысты көмек сұраған, деп хабарлайды kznews.kz.
Қордың әлеуметтік желідегі мәліметінше, қайғылы жағдайдан бірнеше күн бұрын әйел күйеуінен зорлық-зомбылық көрген. Алдын ала ақпарат бойынша, 23 шілдеде ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығып, ер адам әйелін ұрып, соның салдарынан оның қолы сынған.
Арада үш күн өткен соң, 26 шілдеде әйел өзіне қол жұмсаған. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
«23 шілдеде күйеуі оны ұрып, қолын сындырған. 26 шілдеде ол өз-өзіне қол жұмсаған. Әзірге ресми нұсқа осы. Іс Қылмыстық кодекстің 105-бабы – “өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу” бойынша жүргізіліп жатыр», – делінген қор таратқан ақпаратта.
Марқұмның туыстарының айтуынша, әйел болған жағдайды жақындарына бірден айта алмаған. Олардың сөзінше, ол ата-анасын уайымдап, отбасындағы жанжал туралы үндемей келген.
Туысының қор өкілдеріне жолдаған хатында әйелдің қайтыс болардан шамамен бір сағат бұрын болған жағдайды айтып бергені жазылған.
«23 шілде күні күйеуі екеуінің арасында жанжал шығып, күйеуі оны ұрып-соғып, қолын сындырған. Ұялып әрі ата-анамызды аяп, ол маған ештеңе айтқан жоқ. Өзіне қол салардан бір сағат бұрын осының бәрін айтып берді», – делінген хатта.
Туыстарының мәліметінше, әйелдің артында екі жасар егіз баласы қалған. Қайғылы жағдайдың алдында ол балаларын туыстарының біріне қалдырған.
Қазір құқық қорғау органдары әйелдің өліміне дейінгі жағдайларды, отбасындағы жанжалдың мән-жайын және оған қандай да бір қысым көрсетілген-көрсетілмегенін анықтап жатыр.
Іс бойынша түпкілікті қорытынды тергеу нәтижесінде белгілі болады.