Кейінгі жылдары Алматы облысы аумағындағы аса қауіпті жұқпалы мал аурулары көмілген ошақтары туралы алаңдаушылық күшейді. Мәселен, былтырдан бері күйдіргі, яғни, сібір жарасына қатысты ескі ошақтар мәселесі қайтадан қоғам назарына ілікті.
Өткенде Талғар ауданындағы Еламан ауылы тұрғындарының Президентке жолдаған үндеуі туралы айтқанбыз. мәселе көтеріп отыр. Ауылдағы ағайын 2012 жылы белгіленген сібір жарасына қатысты мемлекеттік актінің ғылыми негізін қайта тексеруді сұрайды. Тұрғындардың айтуынша, егер аумақ аса қауіпті болса, онда бұл жерге тұрғын үй салуға, мектеп ашуға, жол және инженерлік инфрақұрылым жүргізуге рұқсат берілмеуі керек еді, бірақ, ол шарттардың бірі де сақталмаған көрінеді.
Президентке жолдаған Үндеуде еламандықтар қазір ауыл маңында қауіптің бар-жоғын заманауи зертханалық әдістермен анықтау және егер шектеулердің негізі болмаса, азаматтардың жер пайдалану құқықтарын қалпына келтіруді айтқан болатын. Әзірге, жергілікті атқарушы органдар тарапынан әрекет байқалмаған сияқты. Ал тиісті шаралар қабылданбайынша тұрғындар жер алқаптарын толыққанды пайдалануға қол жеткізе алмайтыны алаңдатады.
Дәл осындай жағдай Іле ауданы Байсерке ауылында да орын алған.Тұрғындар ауыл маңында сібір жарасына қатысты қорым бар екенін кейін білгенін айтып, алаңдаушылық білдірген еді. Біз бұл туралы да кезінде жазған едік.
Ресми мәлімет бойынша, күйдіргі ошағы Байсерке ауылдық округіндегі жеке меншік жер аумағында орналасқан. Архив деректеріне сәйкес, мұнда 1958 жылы бір ірі қара, 1968 жылы екі жылқы көмілген. Қорым маңында радиусы 1000 метр санитарлық-қорғау аймағы белгіленген көрінеді. Ал тұрғындарды қауіптің нақты деңгейі және неге бұл ақпараттың бұған дейін кеңінен айтылмағаны әлі де алаңдатады екен Осы жағдайдан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, қорымның жағдайын, санитарлық аймақтың негізділігін және архивтік деректерді қайта қарау жұмыстары басталған. Оның нәтижесі туралы да ашық ақпарат жоқтың қасы.
Осы жерде жылдар бойы жабық жатқан немесе бақылауда болған мұндай аумақтар туралы әңгіменің қайта көтерілуіне не себеп деген сауал туады. Демек, Алматы облысындағы күйдіргі ошақтарының белсенділігі байқалып, ол туралы ашық айтылмай отыруы мүмкін. Бұл жағдайда бұрынғы санитарлық шектеулердің бүгінгі талап пен жағдайға сәйкестігіне қатысты күмән туады. Заң талабының өзгеруі де жабық ошақтар маңындағы жер телімдеріне қатысты ұстанымды өзгерткені анық. Мысалы, Еламан ауылының тұрғындары жер сату, үйлерді заңдастыру сияқты жұмыстар барысында кедергіге ұшырағандарын айтып шырылдауда.
Алматы облыстық санитарлық-эпидемиялық қадағалау органдарының мәліметінше, қазір аймақта 87 стационарлық қолайсыз пункт және 99 топырақтық ошақ бар екен. Әлбетте, мамандар олардың болуы міндетті түрде тұрғындарға тікелей қауіп бар дегенді білдірмейді дегенді айтады. Алайда, мұндай аумақтарда ветеринарлық және санитарлық талаптардың сақталуы аса маңызды екен.
Өйткені, сібір жарасы эпидемиясы адам мен жануарға ортақ аса қауіпті инфекция түрінежатады екен. Оның басты ерекшелігі қоздырғыш спораларының сыртқы ортаға төзімділігінде жатыр дейді эпидемиологтар.
Күйдіргінің қоздырғышы топырақта ондаған жылдар бойы сақталып, белгілі бір жағдайларда қайта қауіп тудыруы мүмкін-мыс. Сондықтан бұрын ауру мал көмілген немесе инфекция тіркелген жерлер стационарлық қолайсыз пункт ретінде есепке алынып, санитариюлық бақылауда ұсталады.
Сонымен, Алматы облысы аумағындағы жұқпалы мал аурулары көмілген полигондардан келетін қауіп бар ма?
Тағы да эпидемиолог мамандарға жүгінсек, бір ғана сібір жарасы ошақтарының қауіпі орасан екен. Инфекцияның ерекшелігі бойынша, олар көзге көрінбейді және ондаған жылдар бойы топырақ қабатындатсақталуы мүмкін. Бірақ, бұл барлық бұрынғы ошақтарда ауру қайта тарайды дегенді білдірмейді екен. Ал қауіп көбіне жер қазу кезіндегі топырақ қабатының бұзылуынан, ауру немесе өлген малмен тікелей байланыстан өршуі ықтимал-мыс.
Яғни, Алматы облысы тұрғындарының алаңдауына негіз бар деген сөз. Өйткені, 2024 жылы Ұйғыр ауданында сібір жарасына байланысты жағдай тіркеліп, адамдар зардап шеккен болатын...