Талғар ауданының тұрғындары Тоқаевқа үндеу жолдады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Талғар ауданының тұрғындары Тоқаевқа үндеу жолдады

Талғар ауданының тұрғындары Тоқаевқа үндеу жолдады
Фото: ашық дереккөздерден

Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Еламан ауылының тұрғындары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық үндеу жолдап, ауыл аумағында 2012 жылы сібір жарасына байланысты рәсімделген мемлекеттік актінің заңдылығы мен ғылыми негізін қайта қарауды сұрады. Үндеу мәтіні әлеуметтік желілерде жарияланды.

Тұрғындардың айтуынша, аталған құжаттың салдарынан көптеген азамат жер телімдерін заңдастыру, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу, құрылыс жүргізу, мүлікті кепілге қою немесе сату кезінде түрлі құқықтық және әкімшілік қиындықтарға тап болып отыр.

Үндеу авторларының пікірінше, егер аталған аумақта шынымен де аса қауіпті инфекция ошағы болған болса, мемлекет бұл жерге тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөліп, мектеп, жол, инженерлік желілер мен өзге де әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салмас еді. Олар осы жайттың өзі аумақтың игеруге жарамды деп танылғанын көрсетеді деп санайды.

Сондай-ақ, тұрғындар бүгінгі күнге дейін аумақтың санитариялық-эпидемиологиялық жағдайына қатысты заманауи ғылыми және зертханалық зерттеулердің нәтижелері жөнінде халыққа толық әрі ресми ақпарат берілмегенін алға тартады.

Осыған байланысты ауыл тұрғындары Президенттен 2012 жылғы мемлекеттік актінің қабылдану негіздерін тәуелсіз тексеруді, архивтік, санитарлық, ветеринариялық және зертханалық материалдарға құқықтық баға беруді, қажет болған жағдайда тәуелсіз ғылыми ұйымдарды тарта отырып қайта зерттеу жүргізуді, шектеулердің ғылыми немесе құқықтық негізі расталмаса, оларды заңнамаға сәйкес алып тастауды және тұрғындардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін уәкілетті органдарға нақты тапсырма беруді талап етуде.

Тоқетері, бұл үндеуде тұрғындар мемлекеттік органдарды айыптау мақсатын көздемейтінін, басты талап мәселенің ғылыми, құқықтық және заң аясында әділ қаралып, нақты шешім қабылдануы екенін атап өткен.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.