Кубаның қарулы күштері АҚШ тарапынан болуы мүмкін басқыншылыққа дайындалып жатыр. Мұндай шаралардың болмауы "әлемде болып жатқан жағдайларды ескерсек, аңғалдық болар еді" деді Куба сыртқы істер министрінің орынбасары Карлос Фернандес де Коссио. Бұл туралы kznews.kz NBC News-ке сілтеме жасап хабарлады.
«Біздің қарулы күштер әрдайым дайын және қазіргі уақытта да олар әскери агрессия болуы мүмкін жағдайға әзірленіп жатыр», – деді де Коссио.
Оның айтуынша, Гавана АҚШ-пен мәселелерді бейбіт жолмен шешуге үміттенеді. «Бұлай болуы тиіс ешқандай себеп көріп тұрған жоқпыз және оған ешқандай негіз жоқ».
Бұған дейін ол Кубаға қарсы мұнайды шектеу АҚШ-тың аралға қарсы агрессиясының нәтижесі екенін айтқан. Оның сөзінше, мұндафй шектеу «мәңгі жалғаса алмайды».
"Жағдай өте күрделі, біз оны еңсеру үшін барынша белсенді әрекет етіп жатырмыз. Отын қандай да бір жолмен Кубаға жеткізіледі деп үміттенеміз және АҚШ енгізген бұл бойкот мәңгі болмайды», – деді ол.
Наурыз айының басында Дональд Трамп Ирандағы әскери операциядан кейін Кубаны үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын мәлімдеген. Бұған дейін ол Куба үкіметі «жақын арада құлайды» деп те айтқан және Ираннан кейін Куба АҚШ үшін «уақыт мәселесі» екенін жеткізген.
Куба президенті Мигель Диас-Канель наурыз айында алғаш рет АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігімен келіссөздер болғанын растады. Келіссөздерден кейін ол АҚШ Кубаға күн сайын дерлік үкіметті күшпен құлатумен қорқытып отырғанын айтты.
The Wall Street Journal басылымы АҚШ әкімшілігі 2026 жылдың соңына дейін Кубада билікті ауыстыруды көздеп отырғанын хабарлады. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Диас-Канельді бидліктен кетіруге қатысты мәліметтерді жалған деп атады.