АҚШ-та Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, АҚШ-тан брифинг басталар сәттің алдында ғана ақпарат түскен.
«Сыртқы істер министрлігі АҚШ құзырлы органдарынан табылған мәйіттің Қазақстан азаматы болуы мүмкін екені туралы ақпарат алды. Қазіргі уақытта АҚШ тарапынан қажетті рәсімдер жүргізілуде. Біздің дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен және азаматтың туыстарымен байланыста. Оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр», – деді Ерлан Жетібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетейік, желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Асет Құралбай АҚШ-та, Иллинойс штатындағы Чикаго маңында (Ford Heights ауданында) тұрып келген. Ол соңғы рет 2026 жылғы 2 маусымда байланысқа шыққан. 7 маусымнан бастап оның телефоны өшірулі. Үйінде құжаттары мен банк карталары қалған. 10 маусым күні полиция оның Toyota Camry (DP 86722) көлігін тапты.