«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы ауысты. Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарған Ерсайын Нағаспаев ҚТЖ-ның жаңа басшысы болып тағайындалды. Ол бұл қызметте жуырда қамауға алынған Елжас Отышиевтің орнына келді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Самұрық-Қазына» қорының басқармасы Ерсайын Нағаспаевты ҚТЖ басқарма төрағасы қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдаған.
Еске салайық, бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отышиев ұсталғаны белгілі болған. Оларға қатысты сыбайлас жемқорлық күдігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Кейін сот екеуін де қамауға алу туралы шешім шығарды.
Ол Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2025 жылы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарды.
2021–2025 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры болып жұмыс істеді. Әр жылдары Инвестициялар комитетінде, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінде жұмыс істеген. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінде, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК-да басшылық қызметтер атқарған.
Сондай-ақ Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, «Астана» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.