Ресей билігі 1 ақпанға дейін Украина аумағына әскери соққы жасамау жөнінде уақытша шешім қабылдағанын хабарлады. Бұл қадам АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке өтінішінен кейін жасалған. Ақпаратты Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков растады, деп хабарлайды kznews.kz.
Песковтің айтуынша, Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге келіссөздер жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында бір аптаға, яғни 1 ақпанға дейін Киевке соққы жасамауды өтінген.
"Президент Трамп келіссөздерге мүмкіндік беру үшін Украинаға уақытша шабуыл жасамау туралы жеке өтініш білдірді. Ресей тарапы бұл ұсынысты назарға алды", – деді Песков.
Сонымен бірге Кремль өкілі Владимир Путиннің Украина президенті Владимир Зеленскийді кездесуге өзі шақырмағанын нақтылады. Оның сөзінше, келіссөз өткізу туралы бастаманы украин тарапы көтерген.
"Кездесуді Зеленскийдің өзі ұсынды. Ал президент Путин бұл бастамаға: "Иә, біз дайынбыз, бірақ кездесу Мәскеуде өтуі тиіс", – деп жауап берді", – деді Дмитрий Песков.
Бұл мәлімдеме халықаралық қауымдастық Украинадағы жағдайды дипломатиялық жолмен реттеуге үміт артып отырған кезеңде жарияланды.