Ол жарнаманы TikTok-тан көрген, ал ақшасы күйеуінің телефонына келген QR-кодтарды пайдаланғаннан кейін шотынан шешілген, деп хабарлайды kznews.kz.
Ірі несие алуға көмектесетінін жазған жарнама авторларымен әйел WhatsApp арқылы байланысқан. Өзін қаржы кеңесшісі ретінде таныстырған адам оған 25 млн теңге несие мақұлдануы үшін алдымен үш жылға бөліп төлеу рәсімдеу керек екенін айтқан. Сөйтіп, мұғалімге 1,8 млн теңгеге бөліп төлеу мақұлданған.
Одан кейін әйелдің күйеуінің телефонына QR-кодтар келген. Мұғалім «кеңесшінің» нұсқауымен сол кодтарды пайдаланған соң, шотынан 1 644 650 теңге шешілген. «Кеңесші» негізгі несие көп ұзамай мақұлданатынын айтқан. Алайда хабарлама келмей, әйел полицияға жүгінген.
Ақшаның Алматыда тіркелген жеке кәсіпкердің шотына түскені анықталды. Тергеушілер кәсіп иесінің алаяқтыққа қатысы бар-жоғын және оның шоты ақша аудару үшін өзіне білдірмей пайдаланылған-пайдаланылмағанын анықтап жатыр.