Қоғам

“Көпкүйеулілікті заңдастыруды ұсынамын” - Алагөзова Абзал Құспанға жауап берді

“Көпкүйеулілікті заңдастыруды ұсынамын” - Алагөзова Абзал Құспанға жауап берді
Фото: Қалижан Оспанов/ kazpravda.kz

Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның тоқал институтын заңдастыру жөніндегі мәлімдемесіне пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Еске салайық, депутат Абзал Құспан қоғамда екінші немесе үшінші бейресми әйелмен бірге тұру кеңінен таралғанын айтып, бұл құбылысты заңмен реттеу керектігін ұсынған болатын. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда «тоқал» институты ашық емес, құқықтық базасы жоқ, бұл өз кезегінде әйелдер мен балалардың әлеуметтік қорғалуын қиындатады.

Алайда Баян Алагөзова бұл пікірмен мүлдем келіспейтінін ашық жеткізді. Продюсер керісінше, мемлекет шынайы гендерлік теңдікті қолдағысы келсе, онда дәл осындай жағдайда көпкүйеулілікті да заңдастыруға болатынын айтты.

«Жауап ретінде көпкүйеулілікті заңдастыруды ұсынамын. Неге болмайды? Ер адамдарға рұқсат берілсе, әйелдерге неге болмайды? Біз зайырлы мемлекетпіз, заң бойынша ер мен әйелдің құқығы тең. Ал билік өкілдері шариғат заңдарын алға тартып отырса, онда мұның қай жері әділетті?» – деді Алагөзова.

Бұған дейін Абзал Құспан тоқал ұғымының қазақ қоғамында тарихи тамыры бар екенін, оның «әмеңгерлік» дәстүрімен байланысты екенін атап өткен еді. Депутаттың айтуынша, бұрын жесір әйел мен жетім қалған ұрпақ панасыз қалмауы үшін ол отбасының бір мүшесіне берілетін болған. Ал қазіргі таңда бұл дәстүрдің мәні бұлыңғырланып, «тоқал» бейнесі ауқатты ерлердің сән-салтанат құралына айналып кетті.

Депутат мәселені қоғамда ашық талқылау қажеттігін алға тартып, заңгерлерге аталған қатынастарды құқықтық деңгейде реттеу механизмдерін қарастыруды ұсынған.

Ал Алагөзованың жауабы әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды: бір бөлігі продюсердің сөзін «гендерлік теңдікке әділ көзқарас» деп бағаласа, енді бірі оның ұсынысын «қоғамның дәстүрлі құндылықтарына қайшы» деп есептейді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz