АҚШ-тың Массачусетс штатында пикап көлігіне қарағай құлаған. Ішінде үш адам болған, олар ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды kznews.kz People басылымына сілтеме жасап.
WHDH телеарнасының мәліметінше, 13 сәуір күні таңғы сағат 07:00 шамасында Леоминстер мемлекеттік орманындағы Фичбург жолымен кетіп бара жатқан көлікке биіктігі шамамен 30 метр болатын қарағай құлаған.
Оқиға кезінде сол маңнан өтіп бара жатқан басқа жүк көлігінің жүргізушісі Рузбин Мартинес зардап шеккендердің бір компанияда жұмыс істейтінін және жұмысқа бара жатқанын айтқан.
«Мен өтіп бара жаттым, жүк көлігім алға кеткен соң артқы айнадан қарасам, әлгі көлік жолдың ортасына қарай бұрылып бара жатты, содан кейін айнала түтінге толды», — деді ол.
Принстон қаласының өрт сөндіру қызметінің басшысы Джон Беннеттің айтуынша, ағаш көліктің капотынан өтіп, алдыңғы әйнегін тесіп кірген, соның салдарынан жолаушылардың бірі көлік ішінде қысылып қалған.
Оқиға салдарынан өрт те шыққан.
«Олар өте жолы болған адамдар. Ағаштың бір бұтағы көліктің қозғалтқыш бөлігіне қадалған. Тағы бір бұтағы алдыңғы әйнекті тесіп өткен, бірақ жолаушыларға тимеген. Ал үшінші бұтақ көліктің артқы бөлігін тесіп, артта отырған адамға сәл ғана тимей қалған», — деді Беннет.
Қазіргі уақытта зардап шеккендердің жағдайы нақтыланып жатыр.
