KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Көлігін ұрлап кеткен, жол апатына да түскен": Роза Бағланова қандай темір тұлпарларға мінген?

• Қайсар Қанат
Роза Бағланова. Фото: QAZ-Auto журналы

Халық әртісінің қандай көліктерді пайдаланғаны туралы мәліметтерді QAZ-Auto журналының бас редакторы Олег Зотов жинақтаған. Зерттеу Роза Бағланованың ұлы Тәжен Бағланов пен отбасы мүшелерінің естеліктеріне негізделген. Автомобильдер тарихына арналған материал Tengri Auto басылымында жарияланған.

Белгілі болғандай, Роза Бағланованың гаражында кезінде Кеңес Одағында мәртебелі саналған бірнеше автомобиль болған. Әсіресе әйгілі "Волга" маркасы әншінің өмірінде ерекше орын алған.

Роза Бағланова алғаш қандай көлікпен жүрген?

Роза Бағланованың автокөліктермен байланысты естеліктері Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан басталады.

1941 жылы жас әнші Мәскеу консерваториясына оқуға түсуді жоспарлаған. Алайда соғыстың басталуы оның өмірлік жоспарын түбегейлі өзгерткен. Роза Бағланова майданға аттанып, жауынгерлердің рухын көтеру үшін әскери бөлімдерде, госпитальдарда және алдыңғы шепте концерт берген.

Ол кезеңде өнерпаздардың гастрольдік сапарлары бүгінгідей жайлы автокөліктермен өтпеген. Әншілер мен музыканттарды тасымалдау үшін көбіне әскери және жүк машиналары пайдаланылған. Кей жағдайда жүк көлігінің кузовы сахнаға айналып, әртістер жауынгерлер алдында сол жерде өнер көрсеткен.

Дереккөз мәліметінше, соғыс жылдарында Роза Бағланова ГАЗ-АА, Studebaker US6, Chevrolet G7107, Ford G8T, Austin K2 және Bedford OXD секілді көлік түрлерін пайдаланған. Дегенмен әншінің майдандағы сапарларында жиі кездескен техниканың бірі – ЗИС-5 жүк машинасы.

Алғашқы жеке автокөлігі қымбат лимузин болған

Соғыстан кейін Роза Бағланованың шығармашылық мансабы жоғары деңгейге көтеріліп, ол Кеңес Одағындағы танымал өнер жұлдыздарының біріне айналды.

Әншінің отбасы мүшелерінің естелігіне сүйенсек, оның алғашқы жеке автомобилі шамамен 1958 жылы сатып алынған. Бұл – сол кезеңдегі ең мәртебелі кеңестік машиналардың бірі саналатын ЗИМ немесе ГАЗ-М12 лимузині.

Автомобильдің ұзындығы 5,5 метрден асқан. Салоны алты жолаушыға есептелген бұл көлік жайлылығымен және сыртқы келбетімен ерекшеленген.

Кеңес дәуірінде ЗИМ қарапайым азаматтардың бәріне бірдей қолжетімді болмаған. Мұндай автомобильдерді көбіне жоғары лауазымды тұлғалар мен қоғамға белгілі адамдар пайдаланған. Мәселен, дәл осындай үлгідегі автомобиль қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің де иелігінде болғаны айтылады. Ал академик Қаныш Сәтбаев қызметтік ЗИМ көлігін пайдаланған.

Сондықтан Роза Бағланованың ГАЗ-М12 лимузинін иеленуі оның өнер саласындағы беделі мен танымалдығын көрсететін ерекше жайттардың бірі ретінде қарастырылады.

Роза Бағланова 1964 жылы жаңа "Волга" сатып алған

Уақыт өте келе әншінің алғашқы лимузинін басқа автомобиль алмастырды. 1964 жылы Роза Бағланованың отбасында ГАЗ-21Р үлгісіндегі "Волга" пайда болған.

Дереккөз мәліметінше, жаңа автокөлік сол кезде 5900 рубльге сатып алынған.

Бұл кезеңде "Волга" кеңестік автомобиль өнеркәсібінің ең танымал әрі сұранысқа ие модельдерінің бірі болатын. Оның жайлы салоны, кең кузовы және сыртқы дизайны көптеген адамның қызығушылығын тудырған.

Бір қызығы, Роза Бағланова автокөлікті өзі жүргізбеген. Әншінің жеке жүргізушісі болған. Ал кей жағдайда көлік тізгініне оның жұбайы отырған.

ГАЗ-21Р "Волга" отбасында шамамен 1973-1974 жылдарға дейін пайдаланылған. Алайда бұл автомобильдің тарихы жол апатымен аяқталған.

Әншінің жұбайы ауыр жол апатына ұшыраған

Роза Бағланованың отбасында ұзақ жыл пайдаланылған ГАЗ-21Р "Волгасы" бір күні жол-көлік оқиғасына түскен.

Отбасы мүшелерінің естелігі бойынша, көлікті сол кезде әншінің жұбайы жүргізіп отырған. Жол апаты ауыр болғанымен, жүргізушінің өзі қатты зардап шекпеген. Ал автомобильдің зақымданғаны соншалық, оны қайта қалпына келтіру мүмкін болмаған.

Осы оқиғадан кейін отбасы басқа көлік сатып алуға мәжбүр болған. Бұрынғы ГАЗ-21Р-дің орнына кеңестік автомобиль өнеркәсібінің жаңа үлгілерінің бірі – ГАЗ-24 «Волга» алынған.

Мемлекеттік нөмірі 85-85 болған "Волга"

1970 жылдары Роза Бағланованың отбасында ГАЗ-24 "Волга" пайда болды.

Бұл модель сол уақытта Кеңес Одағындағы беделді әрі тапшы автомобильдердің бірі саналған. Әншінің алғашқы ГАЗ-24 көлігі ақшыл сұр түсті болған.

Оның мемлекеттік тіркеу нөмірі де ерекше – 85-85. Роза Бағланова бұл машинаны 1980 жылға дейін пайдаланған. Кейін оның гаражына дәл осы модельдің тағы бір данасы қосылған. Бұл жолы әншіге қара түсті ГАЗ-24 "Волга" сыйға тартылған.

Дереккөздерде автомобильдің өнер иесіне мәдениет саласындағы жетістіктері мен еңбегін бағалау мақсатында берілгені айтылады. Осылайша, Роза Бағланованың өмірінде "Волга" маркасының бірнеше буыны бірінен кейін бірі пайдаланылған.

70 жасында Заманбек Нұрқаділов тағы бір көлік сыйлаған

1992 жылы Роза Бағланова 70 жасқа толған. Мерейтойына орай әйгілі әнші тағы бір ерекше сыйлыққа ие болған. Бұл жолы оған ГАЗ-3102 үлгісіндегі сұр түсті "Волга" табысталған. Оның мемлекеттік тіркеу нөмірі 55-55 болған.

Отбасы естеліктеріне сүйенген дереккөздің мәліметінше, автомобильді сол кездегі Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқаділов сыйлаған. ГАЗ-3102 Кеңес Одағында мәртебесі жоғары автомобильдердің бірі ретінде танылған. Бұл модель ұзақ уақыт бойы негізінен мемлекеттік және қызметтік мақсатта пайдаланылып, жеке азаматтарға еркін сатыла бермеген. Сондықтан мерейтойға осындай көліктің сыйға берілуі өнер иесіне көрсетілген ерекше құрметтің белгісі болған. Алайда дәл осы автомобильмен байланысты отбасының есінде қалған тағы бір тосын оқиға бар.

Роза Бағланованың "Волгасын" ұрлап кеткен

Әншінің ұлы Тәжен Бағлановтың естелігі бойынша, бір күні отбасына тиесілі ГАЗ-3102 "Волга" ұрланған. Оқиғаға көліктің құлыпталмай қалуы себеп болған.

Тәжен Бағланов бір жолы автомобильді тұраққа қойып, есігін құлыптауды ұмытып кеткен. Мұны пайдаланған белгісіз адамдар көлікті айдап әкеткен. Автомобильдің жоғалғанын байқаған отбасы полицияға хабарласқан. Құқық қорғау органдары іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ұрланған көлікті тапқан. Нәтижесінде ГАЗ-3102 "Волга" заңды иелеріне қайтарылған.

Гастрольдік сапарларда қандай көліктермен жүрген?

Роза Бағланованың өмірінде жеке меншігіндегі автомобильдерден бөлек, жұмыс бабында пайдаланған көліктер де аз болмаған.

Әнші Кеңес Одағының түрлі қалаларында және шетелдерде гастрольдік сапармен өнер көрсеткен. Мұндай сапарларда өнер ұжымдары көбіне автобустармен тасымалданған.

Ал "Қазақконцерт" бірлестігінің жетекші өнер шеберлерінің бірі ретінде Роза Бағлановаға кей жағдайларда жеке қызметтік автомобиль бөлінген. Архивтік фотосуреттерден әншіні бірнеше автомобильдің жанынан көруге болады. Олардың қатарында Румынияда шығарылған IMS M461 жол талғамайтын көлігі, кеңестік "Москвич-423", УАЗ-469 және "Москвич-412" модельдері бар.

Дегенмен зерттеу авторлары бұл автомобильдердің барлығы Роза Бағланованың жеке меншігінде болмағанын атап өтеді. Олардың кейбірі өнерпаздың гастрольдік сапарлары кезінде пайдаланылған қызметтік көліктер болуы мүмкін. Сондықтан архивтік суреттерде әншінің белгілі бір автомобильмен түсуі оның сол көлікке иелік еткенін білдірмейді.

Қазақ жұлдыздары әке-шешелеріне қандай көлік сыйлаған?

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →