Алдын ала мәлімет бойынша, кішкентай Алан кешкі сағат 17:00 шамасында анасының жұмыс орнынан өздігінен шығып кеткен.
Анасы баласын ғимарат ішінен таба алмағаннан кейін көмекке жүгінген. Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар мен еріктілер қосылған.
Бейнебақылау камералары баланың ғимараттан шығып, жақын маңдағы құрылыс алаңына қарай кеткенін түсіріп алған.
Іздестіру жұмыстары кезінде құрылыс аумағындағы септикке арналған, суға толған шұңқыр тексерілген. Кейін баланың денесі сол жерден табылған.
Іздестіруге қатысқан ерікті Оксана Даронинаның айтуынша, қараңғыда шұңқырды байқау қиын болған.
"Біз еріктілермен бірге сол жерден бірнеше рет өттік. Еріктілеріміздің бірі тіпті шұңқырға құлап кете жаздады. Бірақ баланың оған құлап кетуі мүмкін деген ой ешқайсымызға келмеді", – деді ол.
Ақмола облыстық полиция департаментінің өкілі Әсем Әбдірахманованың мәліметінше, баланың денесінен алдын ала тексеру кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деді полиция өкілі.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.