Қазақстандық "Ерекше" фильмі Мәскеуде өткен XXIV Халықаралық спорт киносы фестивалінде үш бірдей марапатқа ие болды. Бұл туралы бұрынғы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, отандық туынды халықаралық байқауда "Үздік режиссер", "Үздік ер адам рөлі" және "Олимпиадалық құндылықтар" аталымдары бойынша жеңімпаз атанған.
Биыл фестивальге әлемнің 15 елінен 100-ден астам өтінім түсіп, олардың арасынан 57 жоба байқау бағдарламасына іріктелген.
Мәулен Әшімбаев қазақстандық фильмнің халықаралық деңгейде мойындалуын отандық кино өнері мен параспорттың дамуы үшін маңызды жетістік деп бағалады.
"Құрметті достар, тамаша жаңалығымыз бар! Қазақстандық "Ерекше" фильмі Мәскеуде өткен XXIV Халықаралық спорт киносы фестивалінде бірден үш марапатқа ие болды", – деп жазды ол.
Оның сөзінше, фильмнің басты ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі жандар айналысатын бочча паралимпиадалық спорт түріне арналуы. Картина спортшылардың өмірін, қиындықтарды еңсеру жолындағы табандылығын, арманға деген ұмтылысын және өз күшіне деген сенімін көрсетеді.
"Біз үшін бочча спортына және осы паралимпиадалық спорт түрімен айналысатын жандарға арналған фильмнің осындай жоғары бағаға ие болуы ерекше маңызды. "Ерекше" – адам рухының күшін, табандылықты, өзіне деген сенім мен арманға деген ұмтылысты бейнелейтін туынды. Бұл – қоғамда инклюзия мәдениетін қалыптастыруға қосылған маңызды үлес", – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұрынғы Сенат төрағасы фильм режиссері Ернар Нұрғалиевті, актерлер мен продюсерлерді, сондай-ақ түсірілім тобының барлық мүшесін құттықтады. Ол жобаға үлес қосқан параспортшылар мен жаттықтырушыларға да алғыс білдірді.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстанда бочча спортын дамытып, спортшыларға жаңа мүмкіндіктер ашу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар спортшылардың жетістігін көпшілікке таныстырып қана қоймай, қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.