Әйгілі актер Джеки Чан қатысатын «Құдай сауыты: Ультиматум» фильмінің Қазақстандағы түсірілімі ресми басталды.
Алматыға әлемге атақты Джеки Чан келді. Ол "Құдай сауыты: Ультиматум" халықаралық көркем фильмінің түсіріліміне кіріспек. Өндірістің ресми басталу рәсіміне Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және киноиндустрия өкілдері қатысты.
Аида Балаева Джеки Чанға Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, фильм түсіріліміне сәттілік тіледі.
Министр бұл жобаның Қазақстан үшін стратегиялық әрі имидждік маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық фильм өндірісі еліміздің мәдени және туристік әлеуетін танытуға, кинотуризмді дамытуға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және Қазақстанды әлемдік деңгейдегі ірі киножобаларды түсіруге қолайлы алаң ретінде танытуға мүмкіндік береді.
Фильмді қазақстандық Sәlem Entertainment және гонконгтық Billion Target компаниялары бірлесіп түсіреді. Туындының қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун.
Түсірілім жұмыстары 2026 жылғы шілде-қазан айлары аралығында Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында өтеді. Жоба халықаралық прокатқа бағытталған.