Қазақстандық әнші Кенжебек Жанәбілов мемлекеттік наградаға ие болып, «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл туралы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, қуанышты жаңалығын оқырмандарымен бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Әншінің айтуынша, бұл марапат оның шығармашылығына қолдау білдіріп келе жатқан тыңдармандарының сенімі мен ықыласының нәтижесі. Ол барша жанкүйеріне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да ел мәдениетінің дамуына үлес қоса беретінін жеткізді.
«Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында Мемлекет басшысының жарлығымен "Құрмет" орденіне ие болдым. Маған сенім артқан, шығармашылығымды бағалаған барша ағайынға алғысым шексіз. Әрдайым аман болып, қуанышымызға ортақ болыңыздар», – деп жазды Кенжебек Жанәбілов.
Өнер иесінің бұл жаңалығын тыңдармандары мен әріптестері жылы қабылдап, әлеуметтік желіде құттықтау тілектерін жаудырды. Көпшілік әншінің қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан үлесін атап өтіп, марапаттың лайықты иесіне табысталғанын жазды.
Айта кетейік, «Құрмет» ордені – Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларының бірі. Бұл марапат елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, ғылым, білім, денсаулық сақтау, өнер мен қоғамдық қызмет салаларына елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Кенжебек Жанәбіловтің мемлекеттік марапатқа ие болуы оның өнер жолындағы еңбегіне берілген жоғары бағаның көрінісі ретінде бағалануда.