«МузАРТ» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов денсаулығына байланысты ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі бұл туралы өзінің Instagram парақшасында хабарлап, жүрек қан тамырларының бітелуіне байланысты шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінгенін айтты. Оның сөзінше, дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.
Әнші дәл осы күні Шымкент қаласында өтетін шығармашылық кешке қатысуы тиіс болғанын, алайда денсаулығының сыр беруіне байланысты жоспарланған сапарын кейінге қалдыруға мәжбүр болғанын жеткізді.
«Бүгін Шымкентке ән кешіне баруым керек еді. Жүрек қан тамырларының бітелуіне байланысты @erensau.kz медицина орталығының мамандарының көмегімен жансақтау бөлімінен палатаға ауыстым. Дәрігерлерге, әсіресе Алмат Егізеков бастаған ұжымға мың алғыс! Баршаңыздан дұғада болуды сұраймын», – деп жазды Кенжебек Жанәбілов.
Өнер иесі өзіне дер кезінде медициналық көмек көрсеткен ақ халатты абзал жандарға ризашылығын білдіріп, әлеуметтік желідегі оқырмандарына қолдау көрсетіп, дұға етуін өтінді.
Қазіргі уақытта әншінің денсаулық жағдайы туралы ресми түрде қосымша ақпарат жарияланған жоқ. Жанкүйерлері әлеуметтік желіде жылы лебіздерін білдіріп, Кенжебек Жанәбіловтің тезірек сауығып, сахнаға қайта оралуына тілектестік танытуда.