Қазақстандық әнші, “МузАРТ” тобының мүшесі Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісті. Өнер иесі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен “Парасат” орденімен марапатталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Сондай-ақ топтың тағы бір мүшесі Кенжебек Жанәбіловке “Құрмет” ордені берілген.
“Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Мейрамбек екеумізді “Парасат” орденімен, Кенжебекті “Құрмет” орденімен марапаттады! Ұсынылған марапат ел игілігіне баянды болғай! Күллі қазақ халқына мың алғыс!” – деп жазды Сәкен Майғазиев.
Сонымен қатар әнші жазбасында бұған дейін айтқан сөзіндегі тілдік қатесін де мойындады. Ол “алу керек болғанбыз” деген тіркесті қате қолданғанын айтып, көпшіліктен кешірім сұрады.
“Қатемді мойындаймын. Тұйық етістікпен тіркескен “керек” сөзі жіктелмейтінін біле тұра “алу керек болғанбыз” деп айтыппын, айыпқа бұйырмаңыздар”, – деді өнер иесі.
Желі қолданушылары әншілерді мемлекеттік наградасымен құттықтап, қазақ өнеріне сіңірген еңбегі үшін алғыс білдіріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Мейрамбек Беспаев "Парасат" орденімен марапатталғаны хабарланған еді.