Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай YouTube желісіндегі "Алаш Орда" арнасына берген сұхбатында Атырау облысындағы резонанс тудырған оқиғаға қатысты өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистің айтуынша, марқұмдардың ең жақын туыстарының бірі Әсилә Мұқанғалиеваның өзі күдікті ретінде аталып жүрген Сұлтанның сырт келбеті мен мінез-құлқын нақты сипаттап бере алмайды.
"Сұлтанныңң түрін бәріміз фотороботтан көрдік қой. Ал Әсилә апай "Ол ешқашан бізбен бірге отырыста болған жоқ. Алғашында алып қашып кеткен соң құда болып бір-ақ рет келді, одан кейін араласпадық", – дейді ол. Мен "Құдағиыңыз сіздерді кінәлап жатыр ғой" десем, "Біз барайық" десек, Ақбаян "Келмеңдер, келмеңдер" деп айтатын. Шынын айтсақ, қызымызды төртінші баласын босанған кезде бір-ақ рет көрдік. Ал бесінші баласын босанғанын тіпті көрмедік. Себебі Ақбаян "Келмеңдер, енем мен Сұлтан солай айтты" деп жолатпады", – дейді. Әлбетте, Ақбаянның өзі солай айтқан соң, қыздың төркіні жақындамаған. Бір қызығы, ең жақын туыстарының өзі күйеу баласының түрі қандай екенін есіне сақтай алмай, мінезін білмей отырса, оны көршілері мен өзге адамдар қайдан білсін? Шынында да, томаға-тұйық, ешкіммен араласпайтын отбасы болғаны айтылады. Дәл осындай отбасына қатысты адамдар мен учаскелік полиция күдікпен қарауы керек емес пе?" – дейді ол.