Қоғам

«Келешек мектептері»: 200 мыңнан астам ауыл оқушысы заманауи мектептерде білім алуда

«Келешек мектептері»: 200 мыңнан астам ауыл оқушысы заманауи мектептерде білім алуда

Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздегі білім беру сапасын арттыруға тың серпін беруде. Жоба аясында екі жыл ішінде 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектеп салу жоспарланған.

Бүгінгі таңда 105 білім беру нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 112 мектеп 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Бұл бастама – қай жерде тұрса да, әрбір қазақстандық баланың сапалы әрі заманауи білім алуына жол ашатын маңызды қадам.

Мектептердің шамамен жартысы ауылдық жерлерде салынып жатыр. Нәтижесінде 200 мыңнан астам ауыл оқушысы жаңа, жайлы және қауіпсіз білім ордаларымен қамтылды.

– Бұл жоба – елімізде орта білім беру сапасын көтеруге және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл – тек мектеп ғимараттары ғана емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі орда. Сондықтан біз бұл білім ұйымдарын «Келешек мектептері» деп атауды ұсынып отырмыз, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жаңа мектептердің негізгі артықшылығы – оқушыларға ыңғайлы, эргономикалық білім беру кеңістігінің жасақталуында. Бұл нысандар типтік жобалардан 15–20%-ға кең, ал техникалық жабдықталуы 4 есе жоғары. Барлық мектептер заманауи жиһазбен, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылып, қауіпсіздік талаптары барынша күшейтілген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған.

Ұлттық жоба аясында отандық өндірісті қолдауға ерекше назар аударылып отыр. Құрылыс материалдары мен мектеп жиһаздары жергілікті өндірушілерден сатып алынуда.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz