KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

ҚазҰУ-да белгісіз жағдайда қаза тапқан ару: студент туралы не белгілі?

• Айжан Сыланова
Фото: ЖИ/ MadeniPortal.kz

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік қалашығында қайғылы жағдай тіркелді. 6 қараша күні кешкі уақытта Журналистика факультетінің бірінші курсында оқитын студент қыз көз жұмды. Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Оқиға №5 студенттер жатақханасында болғаны айтылуда. Сондай-ақ сол түні жатақхана тұрғындарына бөлмелерінен шығуға және балконға баруға уақытша шектеу қойылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметтерге қатысты әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.

Алматы қалалық Полиция департаменті студенттің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Құқық қорғау органдары қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

«Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді», – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әзірге студенттің өліміне не себеп болғаны және қайғылы жағдайдың нақты қалай өрбігені белгісіз. Тергеу қорытындысы бойынша ресми ақпарат берілуі мүмкін.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →