Белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы Қаскелең ауданына қарасты Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақ ортасында өсіп, қазақ тілінде білім алған ол өмірін әдебиет пен ұлттық өнерге арнады.
1961 жылы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищені, ал 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған.
Ақынның шығармашылық жолы ерте басталған. Оның алғашқы өлеңдері 1958 жылы Қызылорда облыстық "Ленин жолы" газетінде жарық көрген.
Надежда Лушникова жазба поэзиямен қатар суырыпсалма ақындық өнерді де меңгерген. 1963 жылы Қызылордада өткен облыстық айтысқа қатысып, жүлделі орын иеленген.
Оның шымкенттік ақын Қалдыбек Әліқұловпен айтысы арнайы киноға түсіріліп, режиссер Т. Дүйсебаевтың "Айтыс" фильміне енген.
Сондай-ақ 1965 және 1978 жылдары Жамбыл аудандық, 1977 және 1979 жылдары Алматы облыстық айтыстарына қатысып, жеңімпаз атанған.
Өнер иесі 1963-1985 жылдар аралығында баспасөз саласында әдеби қызметкер, баспа редакторы және мектеп мұғалімі болып еңбек еткен. Ал 1985 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Кәрібаев мұражайын басқарған.
Ақынның "Елім менің" атты жыр жинағы 1962 жылы, ал "Көңіл хошы" кітабы 1970 жылы жарық көрген. Соңғы еңбегі үшін Қазақстан комсомолының сыйлығына ие болған.