Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова белгілі әнші Тоқтар Серіковті мемлекеттік марапат алуымен құттықтап, оның жұбайы Бейбіт Сейдуәлиеваға да ақ тілегін арнады.
Еске салайық, Тоқтар Серіков Республика күні қарсаңында еліміздің жоғары мемлекеттік марапаттарының бірі – "Парасат" орденімен наградталған болатын.
Халық әртісі Мақпал Жүнісова өнердегі інісі Тоқтар Серіковтің өнердегі еңбегі еленгеніне қуанышты екенін айтып, алдағы уақытта оның жұбайы, әнші Бейбіт Сейдуәлиеваның да осындай марапатқа ие болуына тілектестік білдірді.
"Тоқтар бауырым, марапатыңыз құтты болсын! Шын жүректен қуаныштымыз! Болашақта Бейбіт келінге де жұғысты болсын! «Ән мен әншіде» басымыз қосылып жатыр. Алла абыройымызды асқақтата берсін! Амандықта, жақсылықта болайық", – деп ізгі тілегін арнады Мақпал Жүнісова.
Өз кезегінде Тоқтар Серіков те өнердегі әпкесінің ықыласына ризашылығын білдірді.
Әнші Мақпал Жүнісованың әрдайым жастарға қамқорлық танытып, ақыл-кеңесін айтып жүретінін атап өтті. Ол халық әртісіне деген құрметін білдіріп, жылы сөздері үшін алғыс айтты.
"Ниетіңізге, тілегіңізге рақмет әпке! Кеңжүрек, сондай көңілі кең адамсыз ғой. Қазақ үшін аман болыңыз! Алладан амандығыңызды сұраймыз. Алдымызда бізге осылай ақыл айтып, еркелетіп жүре беріңіз", – деп ризашылығын білдірді Тоқтар Серіков.
Осылайша, өнер иелері көпшілік алдында бір-біріне құрмет көрсетіп, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева – қазақ эстрадасындағы танымал өнерлі отбасылардың бірі. Ерлі-зайыпты әншілер көп жылдан бері сахнада бірге өнер көрсетіп келеді.