«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Ысқазиев денсаулығына байланысты қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымды 9 қарашадан бастап атқармайды, деп хабарлайды kznews.kz.
Айта кетейік, Құрманғазы Ысқазиев «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметіне 2024 жылдың мамыр айында тағайындалған.
Ол – Қазақстанның жетекші мұнайшы-геологтарының бірі, геология-минералогия ғылымдарының докторы әрі ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Мамандығы бойынша мұнай-газ саласына 40 жылдан астам уақытын арнаған.
Еңбек жолын мұнай өндіру операторы болып бастаған Ысқазиев кейін бірқатар ірі компанияны басқарды. Атап айтқанда, «Ембімұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС басшылығында болды.
Сондай-ақ әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары және бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.