KZNEWS.KZ
Қоғам

Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс: жаңа мәлімет пайда болды

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуды жоспарлап отыр. Монреальдағы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) конференциясы аясында көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Америка делегациясының басшысы Дэниел Дж. Эдвардс рейстерді ашу перспективаларын талқылады, деп хабарлайды kznews.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Тікелей әуе қатынасын ашудың басты шарттарының бірі - АҚШ-тың Федералды авиация басқармасының (FAA) бірінші санатын алу. Қазақстан тарапы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Қыркүйекте америкалық сарапшылар аудит жүргізіп, алдын ала қорытындыларын ұсынды. Ведомство өкілдері мамандар Қазақстанның көрсеткіштеріне оң баға бергенін атап өтті.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен АҚШ арасында жасалған "ашық аспан" туралы келісім де талқыланды. Талғат Ластаевтың айтуынша, бұл құжат тікелей рейстерді ашуға құқықтық негіз болады.

"Біз Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделіміз және бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Екі ел арасындағы "ашық аспан" туралы келісім осы бастаманы іске асыру үшін берік құқықтық негіз қалайды. Біз АҚШ-тың авиациялық биліктерімен сындарлы іс-қимылды жоғары бағалаймыз және жақын арада қалған рәсімдер аяқталады деп үміттенеміз", - деді вице-министр.

Air Astana үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын күтіп отыр

АҚШ-қа ұшуды ұйымдастыру үшін қазақстандық Air Astana әуекомпаниясы 2026–2027 жылдары үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын жеткізуді күтіп отыр.

Сонымен қатар Көлік министрлігі америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 миллиард доллар болатын 33 әуе кемесін жеткізу туралы келісімдер барын хабарлады. Бұл келісімдерге Қазақстан Президентінің 2026 жылғы ақпандағы АҚШ-қа жұмыс сапары кезінде қол жеткізілген.

Кездесуде Қазақстан Президентінің 2026 жылғы желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырылғаны да атап өтілді.

Еске сала кетейік, Қазақстан АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы жүргізген IASA ұшу қауіпсіздігін халықаралық бағалаудан өтіп қойған. Америкалық сарапшылар тексерудің алдын ала нәтижелерін ұсынды, алайда FAA-ның бірінші санатын алу үшін алда тағы бірнеше рәсім бар.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →