KZNEWS.KZ
Сараптама

Қазақстанға әсері қандай: Ресей бизнесінің қаржылық жағдайы нашарлап барады...

Фото: AI көмегімен жасалған.

РосСтат дерегінше, бір жылда бизнестің номиналды пайдасы 15,7 пайызға, ал инфляцияны есептегендегі нақты пайдасы 21 пайызға қысқарған. 2021 жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда төмендеу 44 пайызды құраған көрінеді.

Жалпы, компаниялардың қаржылық жағдайының нашарлағанын шығынмен жұмыс істейтін кәсіпорындардың көбеюі де көрсетеді. Пайда табатын компаниялардың үлесі 66,6 пайызға дейін түскен. Яғни, әрбір үшінші кәсіпорын минуста деген сөз. Шығынға батқан компаниялардың жалпы жоғалтқан қаржысы бір жылда 25,6 пайызға өскен, ал пайда тапқан кәсіпорындардың табысы 5,3 пайызға азайған.

The Moscow Times басылымына пікір білдірген экономист Дмитрий Полевойдың айтуынша, Ресей экономикасының өсімі өткен жылы айтарлықтай баяулап, биыл іс жүзінде тоқырауға жақындаған. Компаниялар бір мезетте инфляцияның, өндірістік шығындардың және әлсіз сұраныстың қысымында қалып отырған көрінеді. Бағаны көтеру арқылы шығынды өтеу де қиындаған, өйткені, тұтынушылардың төлем қабілеті шектеулі екені байқалған.

Жалпы, бизнеске жоғары жалақы мен пайыздық мөлшерлемелер де қысым жасап отыр. Ресейдегі "Альфа-Капитал" қаржы ұйымының сарапшысы Алексей Климюк бұған өсіп жатқан салықтық жүктемені де қосады.

Нәтижесінде компаниялардың инвестицияға бағыттайтын қаражаты азайып келеді екен. Өз қаражаты жетіспесе, кәсіпорындар несиеге жүгінуге мәжбүр, ал жоғары мөлшерлемелер қарыз алуды қымбаттатады деп пайымдайды сарапшы.

Қысқасы, бұл үрдіс ұзаққа созылса, мәселе компаниялардың қазіргі пайдасымен ғана шектелмей, инвестиция мен экономикалық өсімге де әсер етуі мүмкін екен.

Әлбетте, ежелгі көршінің экономикасындағы өзгеріс Қазақстанға да әсер етуі мүмкін. Сарапшылар ең алдымен сауда арқылы білінуі мүмкін деп пайымдайды. Мәселен, Ресейдегі компаниялардың табысы азайып, сұраныс төмендесе, қазақстандық экспорттаушылар үшін де нарық тарылуы ықтимал екен.

Әзірге екі ел арасындағы саудада мұндай құлдырау байқалған жоқ. Деректерге қарасақ, биылғы қаңтар-шілде айлары аралығында еліміздің Ресейге бағыттаған экспорты 4,5 млрд доллар болса, ал Ресейден әкелген импорты 11,3 млрд долларды құраған. Осылайша, жеті айдағы екіжақты тауар саудасы шамамен 15,9 млрд долларға жетіп отыр.

Екіншіден, бұл сауда құрылымында үлкен айырмашылық бар екенін айтуымыз керек. Салыстырмалы түрде алғанда, біз Ресейге 1 доллардың тауарын шығарып, шамамен 2,5 доллардың өнімін сатып аламыз. Нәтижесінде, өткен жеті айдағы тауар саудасының теріс сальдосы шамамен 6,8 млрд долларды құраған. Яғни, Ресей аумағына Қазақстан экспортының 8,9 пайызы жөнелтілсе, керісінше, Қазақстанға кірген импорттың 30,8 пайызы Ресейге тиесілі болып отыр.

Демек, Ресей экономикасындағы өзгерістер Қазақстанға экспорттан гөрі импорт арнасы арқылы көбірек сезілуі мүмкін.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →