Кездесуде Қазақстандағы цифрлық технологияларды дамыту, білім беру саласындағы ынтымақтастық және инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Президент Network School жобасының еліміздегі технологиялық экожүйені дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, алдағы уақытта ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның технологиялық көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында білім, ғылым және цифрлық құзыреттерді дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасына да тоқталды. Аталған бағдарлама аясында ел бойынша мектептер, университеттер, медициналық мекемелер және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған.
Сонымен қатар Президент Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын құптады. Жоба қазақстандық жоғары оқу орындарымен, стартаптармен және технологиялық компаниялармен серіктестікті кеңейтуді көздейді.
Тоқаев Astana AI Film фестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға алғыс білдірді.
Өз кезегінде Баладжи Шринивасан Қазақстанда озық технологиялар мен экономиканың дәстүрлі салалары қатар дамып келе жатқанын атап өтті. Ол Network School Kazakhstan жобасының негізгі бағыттарын таныстырып, цифрлық шешімдерді ілгерілетуге, адам капиталын дамытуға және инновацияларды енгізуге басымдық берілетінін жеткізді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміздегі жасанды интеллект пен инновацияны дамытуға қосқан үлесі үшін Баладжи Шринивасанды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.