KZNEWS.KZ
Білім

Қазақстанда мұғалімдердің мәселесін шешетін жаңа байланыс орталығы ашылды

• Айжан Сыланова

Қазақстанда мұғалімдердің еңбек құқығы мен кәсіби қызметіне қатысты мәселелер бойынша кеңес беретін 1472 байланыс орталығы іске қосылды. Енді педагогтер жалақы, еңбек жағдайы немесе мектеп басшылығымен туындаған келіспеушіліктер жөнінде арнайы нөмірге хабарласа алады. Жаңа қызмет туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Атап айтқанда, мұғалімдер жаңа қызмет арқылы еңбек қатынастары, жалақы мен қосымша төлемдерді есептеу, еңбек жағдайлары, мектеп басшылығы немесе оқушылардың ата-аналарымен арадағы келіспеушіліктер бойынша кеңес ала алады. Сондай-ақ педагогтер әдістемелік қолдау мен кәсіби қызметіне қатысты басқа да мәселелер жөнінде өтініш білдіруге мүмкіндік алады.

Жұлдыз Сүлейменова бұған дейін мұғалімдердің кейбір мәселелер бойынша жауап алу үшін ұзақ уақыт күтіп, бірнеше мекемеге қатар жүгінуге мәжбүр болғанын атап өтті. Жаңа жүйе осы бюрократиялық кедергілерді азайтып, өтініштерді қарау процесін жеңілдетуге бағытталған.

«Біздің міндетіміз – осы тәртіпті өзгерту. Әр педагогтің өтініші дер кезінде қаралып, нақты шешім табуына көмектесуіміз керек», – деді министр.

Сонымен қатар байланыс орталығы арқылы қабылданатын өтініштер кезінде педагогтердің жеке деректері мен құқықтарының құпиялылығы сақталатыны айтылды.

Қазіргі уақытта 1472 нөмірі сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Алдағы екі аптада жүйенің жұмысы тексеріліп, ықтимал техникалық ақаулар түзетіледі. Министр мұғалімдерді жаңа қызметті пайдаланып, өз сұрақтары мен ұсыныстарын жолдауға шақырды.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →