KZNEWS.KZ
Әлеумет

Қазақстанда 5 мыңнан астам оқырманы бар анонимді аккаунттарды тіркеу ұсынылды

• Жарқын Омаров
ашық дереккөз

Бұл мәселе Құрылтай отырысында онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заң жобасын талқылау кезінде көтерілді.

Депутат Айдос Сарым заң жобасында 5 мыңнан астам жазылушысы бар ашық қауымдастықтардың пайдаланушылары мен модераторларын тіркеу қарастырылғанына назар аударды. Оның пікірінше, бұл талап бұрыннан кімге тиесілі екені белгілі журналистерге, қоғам қайраткерлеріне, мемлекеттік органдарға, компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының ресми парақшаларына да қатысты болуы мүмкін.

Сондықтан депутат мұндай аккаунттардың иелері анықталған жағдайда оларды қайта тіркеу міндетінен босатуды ұсынды.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев депутаттың ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, мемлекеттік органдарды алаңдатып отырған негізгі мәселе – аудиториясы үлкен анонимді аккаунттар. Мұндай парақшалар арқылы жалған ақпарат таралып, кибербуллинг жасалуы мүмкін.

Министр заң жобасына қатысты түзетулер әзірлеу кезінде заң талаптарына қайшы келетін 120 мыңнан астам материал анықталғанын айтты. Оның 20 пайыздан астамы 5 мыңнан көп жазылушысы бар анонимді аккаунттарға тиесілі болған.

«Бүгінде мемлекет үшін басты мәселе – дәл осы анонимді аккаунттар. Сондықтан біз сіздің ұсынысыңызды жалпы қолдаймыз», – деді Арман Қырықбаев.

Айта кетейік, Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Бастапқы нұсқада 5 мыңнан астам жазылушысы бар аккаунт иелерін тіркеу қарастырылған. Сонымен қатар, заң жобасында әлеуметтік желілерге заңсыз контентті жоймағаны үшін айыппұл салу және 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу ұсынылған.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →